Өңірлік комиссия қаңтар айындағы оқиғалар кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерден келіп түскен барлық өтінімдерді қарады, деп хабарлайды іскерлік ақпарат орталығының тілшісі Kapital.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Info Kazakhstan Электронды платформасына 1188 кәсіпкерден барлығы 1355 өтінім келіп түсті. Өңірлік комиссия отырысының қорытындысы бойынша 5 286,5 млн.теңгеге 1139 өтінім мақұлданды. Оның ішінде 4 194,6 млн теңге сомаға 595 өтінім бойынша залал бюджет қаражатынан, 544 өтінім бойынша 1 091,9 млн теңге сомаға “Жаңа Алатау”қорының қаражатынан төленді.
Қалған 216 өтінім пысықтауға жіберілді: 120-дан құжаттардың толық емес пакеттері ұсынылды, 96-ы оңайлатылған тетік шеңберінде төлем сомасы бойынша келіспеуге байланысты сот сараптамасына жіберілді.
“Негізінен сауда және қызмет көрсету секторы зардап шекті. Өтінімдердің көпшілігі Азық – түлік емес тауарлар, аяқ киім, киім сатумен айналысатын кәсіпкерлерден, сондай-ақ тұрмыстық техника, зергерлік бұйымдар сататын сауда орталығының аумағында орналасқан айырбастау пункттері мен дүкендердің иелерінен келіп түсті”, – деді қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Зардап шеккен бизнесті толық қамту және қала экономикасын жедел қалпына келтіру үшін комиссия “Qoldaý”кәсіпкерлік орталығының жанынан консультациялық штаб құрды. Өтемақы әлі төленбеген зардап шеккен кәсіпкерлер Алматы қаласы, Байзақов көшесі, 303, 101 каб. мекенжайы бойынша кеңес алу үшін жүгіне алады, ал жұмыс күндерi: 09: 00-ден 18: 00-ге дейін.
Өңірлік комиссияның келесі отырыстары 2022 жылғы 12, 15 және 18 наурызға жоспарланған.
Ақпарат көзі: Капитал