Қарыз алушылардың проблемалық берешекті реттеу мәселелері бойынша өтініштерін қарау тәртібі мен мерзімдері туралы ақпарат
Микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындаудың өткізіп алынған мерзімі болған кезде, бірақ ол басталған күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілмен және мерзімдерде қарыз алушыны:
1) микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау бойынша мерзімді өткізіп алудың туындағаны және хабарламада көрсетілген күнге мерзімі өткізіп алынған берешектің мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттігі;
2) микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушы – жеке тұлғаның микроқаржы ұйымына өтініш жасау құқығы;
3) қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдары туралы хабардар етуге міндетті.
Микроқаржы ұйымы қарыз алушыны хабардар ету үшін коллекторлық агенттікті тартуға құқылы.
2. Микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушы – жеке тұлға микроқаржы ұйымына баруға және (немесе) өзінің микрокредит беру туралы шарттың талаптарына, оның ішінде:
1) сыйақы мөлшерлемесін не микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы мәнін азайту жағына қарай өзгертуге;
2) негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыруға;
3) берешекті өтеу әдісін немесе өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге;
4) микрокредит мерзімін өзгертуге;
5) микрокредит бойынша мерзімі өткізіп алынған негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жоюға;
6) тараптардың келісімімен белгіленген мерзімдерде кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес өткізуіне;
7) микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындаудың орнына микроқаржы ұйымына кепілге қойылған мүлікті беру арқылы бас тарту төлемін ұсынуға;
8) сатып алушыға микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өткізуге байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін, микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алудың туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша нысанда өтініш не микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілмен ұсынуға құқылы.
3. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен микроқаржы ұйымы қарыз алушы – жеке тұлғаның өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде микрокредит беру туралы шарттың талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарайды және қарыз алушы – жеке тұлғаға:
1) микрокредит беру туралы шарттың талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісетіні;
2) берешекті реттеу жөніндегі өзінің ұсыныстары;
3) бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін көрсете отырып, микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тартатыны туралы жазбаша нысанда не микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілмен хабарлайды.
4. Қарыз алушы – жеке тұлға микроқаржы ұйымының осы баптың 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген шешімін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеген кезде бір мезгілде микроқаржы ұйымын хабардар ете отырып, уәкілетті органға өтініш жасауға құқылы.
Уәкілетті орган қарыз алушы – жеке тұлғаның өтінішін оның микроқаржы ұйымына өтініш жасауының дәлелдемесі ұсынылған және микроқаржы ұйымымен микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде қарайды.
Уәкілетті орган «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушы – жеке тұлғаның тұрғынжай болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредит беру туралы шарт жөніндегі өтінішін қарау кезеңінде кепілге қойылған мүлікке сотқа талап қоюды беру арқылы өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.
Осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талап уәкілетті орган өтінішті өтініш жасалған күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен астам қараған, сондай-ақ қарыз алушы – жеке тұлғаның бұрын қаралған мәселе бойынша өтініші қайта берілген жағдайларда қолданылмайды.
Қарыз алушы жеке тұлғаның өтінішін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
5. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген талап қанағаттандырылмаған, сондай-ақ микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушы – жеке тұлға осы баптың 2-тармағында көзделген құқықтарды іске асырмаған не қарыз алушы – жеке тұлға мен микроқаржы ұйымы арасында микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту бойынша келісім болмаған жағдайларда, микроқаржы ұйымы:
1) қарыз алушыға қатысты шаралар қолдану туралы мәселені қарауға құқылы.
Шаралар қолдану туралы шешім микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады;
2) берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге құқылы.
Микрокредит беру туралы шартта қарыз алушы микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алуға жол берген жағдайда микроқаржы ұйымының коллекторлық агенттікті тарту құқығы болған кезде берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) микрокредит беру туралы шартта көзделген шараларды қолдануға, оның ішінде сотқа микрокредит беру туралы шарт бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінуге, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікке соттан тыс тәртіппен («Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда) не сот тәртібімен өндіріп алуды қолдануға;
4) сотқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушы – дара кәсіпкерді, заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге құқылы.